Талдықорғанда полицейлер мас күйінде автокөлік жүргізген азаматты ұстады
Талдықорған қаласында полицейлер мас күйінде автокөлік жүргізген азаматты ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Honda көлігін басқарып келе жатқан ер адам кері қозғалған сәтінде Hyundai автокөлігіне соқтығысқан.
Тексеру барысында оның бұрын да дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. 2022 жылы ол мас күйінде көлік басқарғаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылып, жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Алайда жазасын өтеп шыққан соң, ол заң талабын елемей, тағы да өз өмірі мен айналасындағылардың өміріне қауіп төндірді.
ҚР Қылмыстық кодексінің талаптарына сәйкес, көлік құралын қайтадан мас күйінде басқару — ауыр құқықбұзушылық болып саналады. Мұндай әрекет үшін төрт жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ өмір бойы көлік жүргізу және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары қайталанған мұндай әрекеттердің қоғам үшін аса қауіпті екенін атап өтіп, заң аясында қатаң жаза қолданылатынын ескертеді.