Бірлік - қауіпсіздіктің негізі: Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы өтті
Әзірбайжан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің екінші отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан ІІМ делегациялары қатысты. Сондай-ақ Мажарстан ІІМ делегациясы бақылаушы мәртебесінде болды.
Қазақстандық делегацияны ішкі істер министрі Ержан Саденов басқарды.
Жиын алдында Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің қабылдауы өтті. Онда ол өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция ынтымақтастығының шешуші рөлін атап өтті.
Кеңес барысында ішкі істер министрлері трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, экстремизмге, есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға, киберқауіптерге және өзге де қылмыстарға қарсы күрес бойынша бірлескен тәсілдерді әзірлеу мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен коммюникеге қол қойылды, онда әріптестікті одан әрі дамыту және министрліктер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін нығайту туралы уағдаластықтар тіркелді.
Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан Ішкі істер министрінің Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Мажарстан ІІМ басшыларымен екіжақты келіссөздері өтті. Ынтымақтастықтың нақты форматтары мен тәжірибе алмасудың перспективалық бағыттары талқыланды.