Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері есірткі қылмысына қарсы күресті үздіксіз жүргізіп жатыр

Көліктегі полиция департаменті "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыруды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдың басынан бастап есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және жолын кесу бағытында 167 факті тіркелді, оның ішінде 28 есірткі затын сату және 5 есірткі контрабандасы.

Заңсыз айналымнан 120 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 111 келі синтетикалық есірткі бар. Бұл туралы көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

- Мысал ретінде жолаушылар пойызы Қарағанды станциясына келген кезде ұсталған 24 жастағы есірткі тасымалдаушыны айтуға болады. Аталған азаматтан жалпы салмағы 8,5 келі мефедрон табылып, тәркіленді. Бұл есірткі заттары елордада сатылмақ болған. Тағы бір мысал – есірткі заттарын жеткізудің мемлекетаралық арнасының жолын кесуде. Астана қаласындағы "Қазпошта" бөлімшесінде Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Оған Испаниядан ішінде 700 грамм каннабис шайыры бар сәлемдеме келген. Сот үкімімен құқық бұзушы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, - деді Айтуғанов.

Сонымен қатар биылғы жылдың 21 мамырында Астана қаласының халықаралық әуежайында көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ІІМ бөліністері мен Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Қазақстан Республикасы аумағында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі заттарын сақтау және өткізу арнасын ұйымдастырған шетел азаматтары ұстады. Қоймаларды тінту нәтижесінде заңсыз айналымнан 101 келіден астам мефедрон тәркіленді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар есірткіні жарнамалау, насихаттау және сату әрекеттеріне қатысы бар 350-ден астам веб-ресурс пен банк карталары анықталып, бұғатталды. 1,5 миллион теңгеден астам қаражатқа активтер тоқтатылды. Есірткі, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Аталған норма биылғы жылдың 11 наурызынан бастап күшіне енді. Сол уақыттан бері көлік нысандарында 48 адам анықталды, оның ішінде әуе және теміржол саласы қызметкерлері де бар. Бұл бағытта департаменттің қызметтік-іздестіру иттері белсенді қолданылуда. Айта кететін жайт, 1 маусымнан 31 қазанға дейін еліміз бойынша есірткі заттарын сақтау, елден шығару және елге әкелу фактілерінің жолын кесуге бағытталған "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осыған байланысты көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында теміржол және әуе көлігі нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылған нарядтардың жұмысы күшейтілді.

Әуежайларда, вокзалдарда және пойыздарда есірткі заттарын іздеуге үйретілген қызметтік-іздестіру иттері белсенді түрде қолданылуда. Еске саламыз, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтау және тасымалдау үшін 3 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру