Қаза тапқан полицейдің отбасына автокөліктің кілті табысталды
Полиция күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінде халықаралық дзюдо жарысының жеңімпаздары марапатталып, қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқан полицей Ғалым Арыстанбаевтың туыстарына құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен 26 команда қатысты. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ құрама командасы жоғары нәтиже көрсетіп, үшінші орынды иеленді.
Спорттық сайысты ұйымдастырушылар құқық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкерлерін еске алуға ерекше мән берді. Ұйымдастырушылардың шақыруымен жарыстың құрметті қонағы ретінде қызмет бабында қаза тапқан Жамбыл облысы ПД қызметкері Ғалым Арыстанбаевтың жұбайы Әлия Көбегенова қатысты. Күйеуінің ерлігіне көрсетілген алғыс пен отбасыға қолдау ретінде оған автокөлікке сертификат табысталған еді.
Осыған байланысты бүгін салтанатты жағдайда “СГМК-КЗ” компаниясының өкілдері марқұм тәртіп сақшысының отбасына көлік кілтін табыс етті. Бүгінде әйелдің қамқорлығында 11 баласы бар. Бұл игі іс – қоғам тыныштығы үшін өмірін қиған жандардың отбасыларына көрсетілген қамқорлықтың белгісі.