Алматы облысында полицей жанармай бекетіндегі жарылыстың алдын алды
Жанармай бекетіндегі жарылыстың алдын алған полицейге алғыс айтылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы жанармай құю бекетінде орын алған төтенше жағдай кезінде батылдық танытқан полиция қызметкеріне оқиға куәгері Гүлзира Садапова шынайы алғысын жеткізді.
Оқиға 10 мамыр күні тіркелген. Қызметтік аумағын бақылау барысында патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды жанармай бекетінде отқа оранған ГАЗель автокөлігін байқап қалады. Жағдайдың шұғыл әрі қауіпті екенін түсінген полицей сол сәтте-ақ жақын маңдағы екі азаматпен бірге жалынды сөндіруге кіріседі. Олардың шапшаң әрі үйлесімді іс-әрекетінің арқасында өрт дер кезінде ауыздықталды.
Егер оқиға орнында жедел әрекет болмағанда, алапат өрт жанармай сақталған резервуарларға жетіп, орны толмас шығынға әкелуі мүмкін еді.
Куәгерлердің айтуынша, полицейдің батылдығы мен кәсіби біліктілігі үлкен қауіптің алдын алуға сеп болды. Бұл әрекет – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті қауіп-қатерге толы қызметінің бір көрінісі.
Полиция департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі мен жолда абай болуға, ережелерді қатаң сақтауға шақырады.