Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында құжаттандыру қызметі қолжетімді бола түсті

Қарағанды облысында құжаттандыру қызметі қолжетімді бола түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында көші-қон қызметі басқармасы халықты құжаттандыру жұмыстарын жүйелі әрі сапалы түрде жүргізіп келеді. Бұл – мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Бүгінде көші-қон саласының мамандары облыс және аудан орталықтарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында белсенді қызмет етуде. Сонымен қатар денсаулығына байланысты өз бетінше жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға үйлеріне барып, құжат рәсімдеу – тұрақты тәжірибеге айналған.

Мәселен, Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлері Ботақара кентінде тұратын І топтағы мүмкіндігі шектеулі Иран Рахимовтың үйіне арнайы барып, қажетті құжаттарын рәсімдеп берді. Сондай-ақ Теміртау қаласындағы "Мейірім" қарттар үйінде тұратын екі қарияға да дәл осындай көмек көрсетілді.

— Құжаттандыру жұмыстары халықтың әрбір мүшесіне қолжетімді болуы керек. Былтыр біз азаматтардың тұрғылықты жеріне барып, 262 адамға құжат рәсімдедік. Биылғы жылдың алты айында бұл қызмет 119 адамға көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Данияр Уақасов.

Айта кету керек, көші-қон қызметі халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді басты міндет ретінде қарастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру