Түркістан облысында полиция түнде тәртіп бұзған той кортежін тоқтатты
Түркістан облысында полиция түнде тәртіп бұзған той кортежін тоқтатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі ауысымдағы полицейлер назарына Леңгір қаласы көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған көліктер ілінді. Содан полиция бөлімінің қызметкерлері бірден әрекет етіп, құқық бұзушылықтың алдын алды.
Тексеру кезінде жүргізушілердің той кортежіне қатысқаны және жол қозғалысы талаптарын сақтамағаны анықталды.
Одан бөлек дәл осы түні көліктер шеруін ұйымдастырған Шымкент қаласының оқушылары Төлеби ауданы аумағына кірген сәтте тоқтатылды. Жасөспірімдер, олардың ата-аналарымен және ұстаздарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Заң талаптарын түсіндірумен қатар, бірнеше жүргізушіге шара қолданылды.
Аталған екі жайтқа байланысты 17 автокөлік айыптұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті екенін ескертеді. Жолда тәртіпсіздікке жол жоқ!