Тәртіп сақшылары Абайдың Жидебайдағы музей-үйіне барды
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай облысының полиция қызметкерлері ұлы ақынның Жидебайдағы музей-үйіне арнайы барып, тағзым етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақтың ұлы ойшылы өмір сүрген бұл қасиетті мекен – ел руханиятының алтын бесігі, ұлттың дана сөзі мен мәңгілік мұрасының қайнар көзі саналады.
Жидебай – Семеидің шығысына қарай 180 шақырым қашықтықта, Шыңғыстаудың етегінде, Қарауыл өзенінің бойында орналасқан. Осы тыныш та шырайлы өлкеде Абайдың қыстауы мен тұрмыстық үйі сақталып, бүгінгі ұрпаққа тарихи-мәдени мұра ретінде қызмет етуде. Табиғатпен үндескен бұл мекен – ұлы ақынның терең ойлары мен өлмес шығармалары дүниеге келген қасиетті топырақ.
Полиция қызметкерлері үшін бұл сапар – жай ғана тарихи орынмен танысу емес, рухани серпіліс пен парасат биігіне көтерілудің бір сәті болды. Олар Абайдың әділет, жауапкершілік пен адалдық жайлы өсиеттерін жүрек сүзгісінен өткізіп, бұл ұғымдардың бүгінгі құқық қорғау саласы үшін де маңызын ерекше атап өтті.
– Абайдың сөзі – жай ғана поэзия емес, ол – ар-ожданның таразысы, адамдықтың темірқазығы. Ұлы ақынның мұрасы – тек өткеннің еншісі емес, бүгінгі тірліктің рухани бағдаршамы, – деді тәртіп сақшылары тебірене.
Абай әлеміне сапар шеккен тәртіп сақшылары бұл жолы парақты ғана емес, жүректі парақтап қайтты. Елге адал қызмет етудің, әділет пен шындықты ту етуінің терең мәнін Абай даналығынан тапқандай болды.