ШҚО-да полицейлер жүкті әйелді дер кезінде ауруханаға жеткізуге көмектесті
ШҚО-да полицейлер жүкті әйелді дер кезінде ауруханаға жеткізуге көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, Шемонаиха ауданына қарасты Большая Речка ауылынан жүкті әйелді қаладағы медициналық мекемеге уақытылы жеткізуге көмектесті.
Жолда жедел жәрдем көлігінің жарық және дыбыстық дабылдарын байқаған полицейлер бірден оны ілесіп алып жүру туралы шешім қабылдаған. Қозғалысы қарқынды жол учаскелерінде полиция қызметкерлері арнайы автокөлікке кедергісіз жүруге мүмкіндік жасап, жол жүру уақытын едәуір қысқартты.
Медицина қызметкерлері мен болашақ ананың жақындары полиция қызметкерлеріне кәсіби әрі жанашырлықпен көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді.
– Жол небәрі бірнеше минутқа созылды, бәрі сәтті өтті. Полицияға үлкен рақмет, – деді отбасы мүшелерінің бірі.