Солтүстік Қазақстан облысында 19 ауыл толықтай ішімдіктен бас тартты
Солтүстік Қазақстан облысында 19 ауыл толықтай ішімдіктен бас тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және Тәртіп" идеологиясын ілгерілету аясында полицейлер ішімдіктен бас тартуды белсенді насихаттауда. Мұның артықшылықтары айқын көрінуде: ішімдік ішпейтін ауылдарда ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар жасалмайды.
Бұл "жарияланбаған челлендж" 2022 жылы Тайынша ауданының Теңдік, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное, Айыртау ауданының Бірлестік пен Қарасай батыр ауылдарынан басталған еді. Содан бері облыста ішімдікке сұраныс жоқ ауылдар саны артып, спирттік өнімдерден бас тартқандар көбейіп келеді. Облыста Уәлиханов, Тимирязев, Аққайың, Тайынша, Есіл, Ақжар, Жамбыл, М. Жұмабаев, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов аудандарында 10-нан астам ауыл ішімдіктен бас тартты.
Жуырда Ақжар ауданының Байтұс ауылында өткен жиында тұрғындар алкогольден бас тарту бастамасын қолдады. Осылайша, СҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 19 елді мекенге дейін өсті.
Полицейлердің айтуынша, ішімдіксіз өмір — қылмыстың алдын алудағы және "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды факторлардың бірі.