Астанада өзгенің банк картасын заңсыз пайдаланған шетелдік анықталды
Астанада өзгенің банк картасын заңсыз пайдаланған шетелдік анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға банктік картадан заңсыз ақша шешу туралы арыз түсті. Тергеу барысында анықталғандай, 33 жастағы шетелдік азамат автобустан бөтен картаны тауып алып, оны өз қажеттіліктеріне пайдаланып, түрлі сауда жасаған.
Күдікті жалпы сомасы 350 мың теңгеден астам қаражатты жасырын шешіп, карта иесіне материалдық шығын келтірген. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайы бойынша ұсталды.
Полиция азаматтарға ескертеді: қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін банктік картаңызды қадағалап жүріңіз, оны қараусыз қалдырмаңыз. Егер карта жоғалса, бірден оны банк немесе мобильді қосымша арқылы бұғаттаңыз және шығындарды бақылау үшін SMS-хабарламаларды қосыңыз. Егер сіз бөтен картаны тауып алсаңыз, оны пайдаланбаңыз — бұл қылмыс. Ең дұрысы — картаны полицияға немесе банкке тапсыру. Сіздің ұқыптылығыңыз қаражатыңызды қауіпсіз сақтауға көмектеседі.