Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да бір айда есірткіге қатысты 17 құқық бұзушылық анықталды

СҚО-да бір айда есірткіге қатысты 17 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері өткен бір ай ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 17 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Маусымның 1-нен қазанның 30-ына дейін өңірде "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Бірінші айдың қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары шамамен 2 келі есірткі затын тәркіледі, оның 250 грамы — синтетикалық есірткі. Жұмыстың бір бағыты — құрамында есірткі бар өсімдіктерді пайдалануға қарсы күрес. Іс-шара барысында өңір тұрғындарына жабайы қарасораны жою қажеттігі туралы 780 ескерту тапсырмасы берілді. Бұл талаптарды орындамағаны үшін 45 адам жауапкершілікке тартылды.

Күштік тәсілдермен қатар полицейлер Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай ауқымды профилактикалық науқан өткізді. 26 мамыр мен 26 маусым аралығында 102 іс-шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студенттер қатысты.

2025 жыл ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан Профилактика жылы деп жарияланды. Полицейлердің пікірінше, қылмыс деңгейін төмендету ғана емес, балаларды, жастарды, отбасыларды нашақорлық атты қауіпті дерттен қорғау тек саналы, жүйелі және түсінікті алдын алу жұмысы арқылы мүмкін.

ҚР ІІМ жүзеге асырып жатқан "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасы — бұл тек қылмыстық істер мен баптар емес. Есірткімен күресте заманауи қазақстандық полиция жазалау шараларымен ғана шектелмейді, керісінше, диалогқа, сенімге, профилактика мен ашықтыққа басымдық береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру