Абай облысында Қарағанды академиясының курсанттары оқу тәжірибесінен өтті
Абай облысында Қарағанды академиясының курсанттары оқу тәжірибесінен өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 2-курс курсанттары Абай облысына оқу-тәжірибелік сапармен барды. Болашақ офицерлер криминалистикалық полигонға барып, жедел-тергеу бөлімшелерінің жұмысымен танысты.
Тәжірибелік сабақтар Абай облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Тлек Байсалықовтың тікелей қатысуымен өтті. Тәжірибелі офицер курсанттарға оқиға орындарында криминалистердің қызметінің ерекшеліктері, заманауи техникалық құралдарды қолдану, сондай-ақ қылмыс іздерін бекіту және алу әдістері туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Болашақ құқық қорғаушылар белсенділік танытып, қызығушылықтарын білдірді, түрлі сұрақтар қойып, өздерін криминалист рөлінде байқап көрді. Олар дактилоскопия, трасология және фотофиксация негіздерін меңгере бастады.
Бұл оқу тәжірибесінің негізгі мақсаты – курсанттардың бастапқы кәсіби дағдыларын қалыптастырып, оларды әрі қарай оқуға ынталандыру. Осындай іс-шаралар теория мен практиканың өзара байланысын нығайтып, құқық қорғау жүйесіне білікті мамандарды дайындауға өз үлесін қосады.