Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Айырбастау пунктінен ақша жымқырған әйел бас бостандығынан айырылды

Айырбастау пунктінен ақша жымқырған әйел бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

47 жастағы Астана қаласының тұрғыны айырбастау пунктінде кассир болып жұмыс істей жүріп, клиенттердің ақшасын жүйелі түрде иемденіп отырған. Ол клиенттердің ақшасын қабылдаған соң, оларды кассалық аппарат арқылы санамастан тікелей сейфке салып, ешқандай құжатқа немесе есеп жүйесіне тіркемей, жұмыс күні аяқталған соң ақшаны сырт киімі тұрған бөлмеге алып шығып отырған. Осылайша, бар болғаны бір айдың ішінде ол айырбастау пунктіне 37 миллион теңгеден астам залал келтірген.

Сот оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын өтеу үшін сотталған әйел Абай облысындағы әйелдер колониясына жеткізілді. Қазіргі уақытта онымен тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сотталған әйел қызметкерлермен әңгіме барысында өзінің кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін, олардың қазір күйеуінің қолында тұрып жатқанын айтты.

— Мұндай жерге бір күні тап боламын деп ешқашан ойламаппын. Қазір еркіндіктің ешқандай ақшамен өлшенбейтінін түсініп отырмын. Мен жазамды өтеп жүргенде, кішкентай балаларым есейіп кетеді. Оларымды қатты сағынып жүрмін. Үйге тезірек оралу үшін карантин аяқталған соң тігін цехына жұмысқа орналастым. Айлығымнан сот тағайындаған өтемақыны төлеп, мүмкіндігінше отбасымның қажеттіліктеріне де көмектесіп жатырмын. Барлық ата-аналарға айтарым – қолда барыңызды бағалаңыздар, әрдайым жақындарыңыздың жанында болыңыздар, – деп бөлісті сотталған әйел.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру