Маңғыстау облыстық ҚАЖД мекемесінде адам құқықтары мен төзімділік тақырыбында кездесу ұйымдастырылды
Маңғыстау облыстық ҚАЖД мекемесінде Нельсон Мандела күніне арналған тақырыптық кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 шілде – Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай №43 мекемесінде (қоныс-колониясында) мекеме бастығы Сансызбай Аминовтың төрағалығымен тақырыптық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – сотталған азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, төзімділік пен адам құқықтарына құрметпен қарауды дамыту.
Кездесуге Маңғыстау облысы бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өкілі Аслан Кужиев пен пауэрлифтингтен әлем чемпионы Асқар Шоханов арнайы шақырылды. Қонақтар Нельсон Манделаның күресі мен мұрасы туралы баяндап, адам құқықтарының маңыздылығына, әрбір тұлғаның қадір-қасиетін сақтау қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ олар жазасын өтеушілермен еркін форматта әңгімелесіп, өмірлік қиындықтарды еңсеруде сенім мен табандылықтың рөлін атап өтті. Асқар Шоханов спорттың адам өмірін түбегейлі өзгерте алатынын және алға қойған мақсаттарға жету жолында ешқашан берілмеу керектігін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында бейбіт өмір сүру, теңдік, кемсітушілікке жол бермеу және әділетті қоғам құру жолындағы әр адамның жеке жауапкершілігі мәселелері кеңінен қозғалды.