Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында жыл басынан бері мыңнан аса интернет-алаяқтық дерегі тіркелді

Павлодар облысында жыл басынан бері мыңнан аса интернет-алаяқтық дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық – қоғам үшін аса өзекті мәселелердің бірі. Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағы болуға, бөтен адамдардың сөзіне сене бермеуге үнемі шақырып келеді. Алайда жәбірленушілер саны күн санап артуда.

Жыл басынан бері Павлодар облысы бойынша 1137 интернет-алаяқтық дерегі тіркелсе, оның 830-ы Павлодар қаласының өзінде орын алған. Бұл — алаңдатарлық көрсеткіш.

Екі жағдайда да алаяқтар мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтардың сеніміне кіріп, оларды алдап соққан. Манипуляция, сенімге кіру — қаскүнемдердің негізгі қаруы болған.

Әйел адамның ұялы телефонына 1414 қызметінен хабарлама келген. Аз уақыттан кейін өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз ер адам хабарласып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан.

Қаржысын "сақтап қалу үшін", әйел оның нұсқауы бойынша өзі несие рәсімдеп, 15 миллион теңгеден астам соманы алаяқ ұсынған шотқа аударып жіберген.

Павлодар қаласының тұрғынына №2 емханадан флюорографиядан өту қажеттігі туралы хабар келіп түседі. Біраздан соң басқа біреу хабарласып, өзін Ұлттық банктің қызметкері Алексей Мальцев деп таныстырады.

Ол әйелдің атына жалған несие рәсімделіп жатқанын айтып, сенім тудырады. Әйел банктерден несие алуға әрекеттенгенімен, нәтиже болмайды. Сол кезде алаяқтар оған "қаржысын сақтап қалу үшін" өзіне тиесілі пәтерді сатуды ұсынады.

Тұрғын бұл ұсынысқа келісіп жылжымайтын мүлік агенттігі арқылы үйін сатып, түскен ақшаны алаяқ жіберген такси жүргізушісіне табыстайды.

Полиция азаматтарды тағы да қырағы болуға шақырады:

  • Ешқашан бөтен адамдардың айтуымен ақша аудармаңыз — олар кім болып көрінсе де.
  • Банк немесе мемлекеттік мекеме қызметкерлері ешқашан қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейді және мүлікті сатуға кеңес бермейді.
  • 1414 нөмірінен келетін хабарламалар – тек автоматты ескертулер. Алаяқтар жалған нөмірлерді немесе арнайы тарату жүйелерін пайдалана алады.
  • Күмән туса – дереу полицияға немесе банкке тікелей өзіңіз хабарласыңыз.
  • Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, уақыт жоғалтпай 102 нөміріне хабарласыңыз. Сондай-ақ "Police 102" мобильді қосымшасын пайдалануға болады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру