Петропавлда интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа алгоритмі тиімділігін көрсетті
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында бір апта ішінде полиция және жекеменшік күзет қызметкерлері зейнеткерлердің қаражатын ұрламақ болған бірнеше әрекеттің жолын кесті. Қауіптен сақталған жалпы сома 7 миллион теңгеден асты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері облыста 270-тен астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді – бұл барлық қылмыстың төрттен бір бөлігіне жуық. Полиция департаменті басшылығының бастамасымен Петропавлда жаңа алгоритм енгізілді: сауда-ойын-сауық орталықтарында кезекшілік атқаратын полиция мен күзет қызметкерлері банкомат маңындағы жағдайды бақылап, әсіресе телефон арқылы сөйлесіп, ақша аудармақ болған, абдырап тұрған егде жастағы адамдарға назар аударады.
Кең тараған алаяқтық схемалар: "Сіздің атыңызға несие рәсімделді", "Анашым, мен жол апатына түстім". Мысалы, сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде полиция қызметкері банкомат жанында тұрған 74 жастағы зейнеткерді байқап қалды. Әйелге өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, атына кредит рәсімделгенін хабарлаған. Оны жою үшін ақшаны қауіпсіз шотқа аудару талап етілген. Уақытылы араласудың арқасында 500 мың теңге көлеміндегі операцияның жолы кесілді.
Дәл осы кезде 75 жастағы тағы бір тұрғын белгісіз нөмірге дәл сондай сомада ақша аударуға әрекеттенген. Алаяқ алдымен өзін ұлы, кейін немересі ретінде таныстырып, шұғыл ақша керек екенін айтқан. Зейнеткерді банкомат жанынан күзетші байқап қалып, полиция шақырған. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары зейнеткерге оның алаяқпен сөйлесіп жатқанын түсіндіріп, ақшаны алаяқтардан сақтап қалды.
Үшінші жағдайда егде жастағы ерлі-зайыпты 6 миллион теңгесінен айырылып қала жаздады. Оларға да "несие рәсімделгені" туралы хабарланған. Телефон арқылы алдаушылардың сендіргені соншалық — зейнеткерлер бастапқыда полицейлерге сенбеді. Олар 1,5 миллион теңгені аударып үлгеріп, полицейлердің түсіндіру жұмысының арқасында қалған 4,5 миллион теңгені сақтап қалды.
Барлық деректер бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев атап өткендей, бұл әдіс өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта оны жетілдіру, кеңейту және үздік қызметкерлерді ынталандыру жоспарлануда.
Полиция азаматтарға мынаны қатаң ескертеді: зейнет жасындағы туыстарыңызды, таныстарыңызды немесе көршілеріңізді банкомат алдында жалғыз қалдырмаңыздар. Оларға алаяқтардың кең таралған әдістерін түсіндіріп айтып отырыңыздар. Ең бастысы — асықпай, үзіліс жасап, туыстарыңызға, банкке ресми нөмір арқылы немесе бірден "102" арнасына қоңырау шалу қажет.