Жамбыл облысында полицейлер мектеп оқушыларына экскурсия ұйымдастырды
Тараз қаласында №3 мектеп-лицейінің оқушыларына өңірдің мәдени және тарихи орындарына қызықты экскурсия ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Экскурсия Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен өткізілді.
Жас қатысушылар Қазақстандағы ең көне мұражайдың бірі — 1931 жылы құрылған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды.
Балаларға өлкеміздің мыңдаған жылдық тарихын қамтитын бай экспонаттар көрсетілді. Әсіресе оқушыларға мұражай ішіндегі ежелгі түркі жазбалары мен тас мүсіндер павильоны қатты ұнады. Қорған бейнесінде жасалған бұл залда балалар балбалдар мен көне таңбалар арасында көшпенділер дәуіріне сапар шеккендей әсер алды.
Сондай-ақ оқушылар Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арналған естелік бұрышымен де танысты.
Сапар барысында мектеп оқушылары Қазақстанның ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары — Айша-Бибі кесенесіне де барды.
Балаларға бұл жермен байланысты аңыздағы ұлы махаббат жайлы, кесенедегі ерекше өрнектер мен олардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі орны туралы әңгімеленді.
Күннің соңында балаларға балмұздақ таратылып, саяхаттың әсерлі әрі тәтті нүктесі қойылды.
— Біз балаларға есірткінің зияны туралы айтып қана қоймай, олардың назарын әлдеқайда маңызды құндылықтарға — тарихқа, мәдениетке, нағыз батырлардың ерліктеріне аудартуымыз қажет деп есептейміз. Сонымен қатар бұл — жазғы демалысты пайдалы әрі танымдық тұрғыда ұйымдастырудың тиімді жолы. Балалар бос уақытын пайдалы нәрселермен өткізсе, зиянды әдеттерге деген қызығушылығы болмайды деп ойлаймыз,- деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары Асқар Жұмабеков.