Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген жасөспірімдер анықталды

Жасөспірімдер қылмысының алдын алу және ескерту, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында өңірде "Түнгі қаладағы балалар" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер рейдтің бірінші күнінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған 59 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның 48-і – түнгі уақытта балалардың заңды өкілдерсіз үйден тыс жерде жүруімен байланысты. Осы оқиға барысында 5 бала мемлекеттік органдардың қамқорлығына алынды.

Сонымен қатар 16 ата-ана балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін, ал 7 ата-ана — кәмелетке толмаған балаларының мас күйінде ішімдік ішкені немесе қоғамдық орында жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Ақсу қаласында төрт жасөспірім қыз ересектердің бақылауынсыз қалып, ішімдік ішкен. Кейін олар петардаларды жағып, балконға лақтырған. Барлық қыздың заңды өкілдері балалардың әрекеттері үшін жауапқа тартылды. Балалардың айтуынша, олар осылайша көңіл көтермек болған.

Ал Май ауданында түнгі сағат 23:00-ден кейін ата-анасыз жүрген бес жасөспірім ұсталды. Олардың бірі тәтті жегісі келіп, балмұздақ іздеуге шыққанын айтқан. Бірақ дүкен таба алмаған. Барлық бала ата-аналарына табысталып, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Заңды өкілдерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.

Полиция өкілдері ата-аналарға балаларының мінез-құлқы мен қауіпсіздігіне тікелей жауапты екенін еске салады. Тәртіп сақшылары балалардың кіммен араласатынына мән беруге және олардың бос уақытын бақылауда ұстауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру