Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановтың отбасы сарбаздармен кездесті
Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановтың отбасы сарбаздармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласындағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Айбат Амановтың ата-анасы – Ербол Аманұлы мен Гүлназ Әлкенқызымен кездесу өтті.
Жиналғандар алдымен қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған ұландық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін сөз кезегі батыр сарбаздың әкесіне берілді.
— Баламыз әскерге дейін бір жыл бойы өзін-өзі дайындады. Армияға өз еркімен барды. Офицер болуды армандайтын. Алайда оттай жалындап тұрған ұлымызды сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Ол Отанын қорғау жолында жанқиярлықпен қаза тапты. Тағдырға көнбеске амал жоқ. Ең бастысы – мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбасын, әр сарбаз үйіне аман-есен оралсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, – деді Ербол Аманұлы.
Батырдың анасы да жауынгерлерге жүрекжарды тілегін жеткізді:
— Ұлттық ұлан сарбазын көрген сайын, ұлымды көргендей боламын. Әрқашан сендердің амандықтарыңды тілеп жүрген ата-аналарың бар екенін ұмытпаңдар. Аналарға мүмкіндік болса, жиі хабарласып тұрыңдар. Менің Айбатым да сендер секілді жауынгер болып, антына адал болды. Ол жиі еркелейтін, жиі хабарласатын. Соңғы рет Жаңа жыл күні сөйлесіппіз. Сол кезде батыр ұлымның дауысын ең соңғы рет естіген екенмін, – деді Гүлназ Әлкенқызы.
Шара барысында Айбат Аманов туралы деректі фильм көрсетілді.
— Ұлттық ұлан сарбаздары – елдік пен ерліктің айқын үлгісі. Сіздердің ұлдарыңыз – Отан үшін жанын пида еткен қайсар жауынгерлердің бірі. Оның антқа адал, сөзге берік, нағыз батыр болғанын жақсы білеміз. Осындай азаматты тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамыз, – деді 5573 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Аслан Оразалин.
Кездесу соңында қатардағы сарбаздар құрметті қонақтарға алғыстарын білдіріп, әскери бөлімнің командирі, полковник Жандар Әшірбеков батырдың ата-анасына бөлімнің ғимараттары мен нысандарын таныстырды.