ҚР Денсаулық сақтау министрі Көкшетаудағы тергеу изоляторына барды
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы тергеу изоляторына барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы мекеменің медициналық бөлімін аралап, терапевт, тіс дәрігері, флюорография кабинеттерін, сондай-ақ сотталғандарға көмек көрсетілетін процедуралық бөлмелерді қарап шықты. Министр мекеменің дәрілік препараттарымен, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне және дәрі-дәрмектерді сақтау жағдайына ерекше назар аударды.
— Қамауда отырған адамдардың да ел азаматтары сияқты сапалы медициналық көмек алуға құқығы бар. Біз осы стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуіміз керек, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Сапар барысында мекеме басшылығымен және медициналық қызметкерлерімен кеңес өткізіліп, медбөлімнің жұмысын ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Сапар соңында министр мекеме ұжымына істі жауапкершілікпен атқарғандары үшін алғыс айтып, анықталған мәселелерді шешуде қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.