Жетісу облысында ер адам өзгенің автокөлігін рұқсатсыз айдап кеткен
Үштөбеде ер адам өзгенің автокөлігін рұқсатсыз айдап кеткен, - деп хабарлайды Polisia.kz.
5 тамыз күні түнге таяу Кербұлақ аудандық полиция бөліміне Үштөбе қаласының тұрғыны шағым түсірді. Ол белгісіз адамның өзіне тиесілі Daimler-Benz автокөлігін рұқсатсыз мініп кеткенін хабарлады.
Зардап шеккен азаматтың айтуынша, ол көлікті биылғы 25 шілдеде сатып алып, эвакуатордың көмегімен үйіне жеткізген. Сол сәтте көліктің кілттері салонында қалған екен.
5 тамызда көлік иесі өзінің танысына хабарласып, жөндеу жұмыстарына қажетті құралдары бар болғандықтан, автокөлікті оның үй ауласына жеткізіп қоюды өтінеді. Көлік сол күні эвакуатормен көрсетілген мекенжайға апарылды. Авто иесі оны пайдалануға қатаң тыйым салғанын да ескерткен.
Алайда, сол күні танысы көлік салонында қалған кілттерді пайдаланып, көлікті рұқсатсыз оталдырып, айдап кеткені анықталды.
Танысының "қызық үшін серуендеу" ойы заң алдында ауыр жауапкершілікке әкелді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша "Көлікті заңсыз иемдену" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция тұрғындарға ескертеді: өзгенің мүлкін рұқсатсыз пайдалануға болмайды. Тіпті көліктің есігі ашық, кілті ішінде тұрған күннің өзінде де бұл әрекет қылмыс болып саналады. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейін бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.