Қарағандыда пәтер ұрысы ұсталды: күдіктінің әрекеті бейнежазбаға түсіп қалды
Қарағанды қаласы полиция басқармасының Октябрь бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері зергерлік бұйымдарды ұрлаумен айналысқан ұрыны құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға 36 жастағы қала тұрғыны пәтерінен алтын әшекейлердің қолды болғаны жөнінде арызданған. Тергеу барысында күдікті пәтерге терезе мен балконнан кіріп, жалпы құны 675 мың теңге болатын әшекейлерді ұрлағаны анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысты ашу үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, бейнебақылау камераларының жазбалары талданды. Нәтижесінде 30 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Оның айғақтары бойынша ұрланған әшекейлер қаладағы ломбардтардың бірінен тәркіленді.
Сонымен қатар тергеу кезінде күдікті тағы бір пәтер ұрлығына қатысы барын мойындады. Ол кезде ол 28 жастағы тұрғынның пәтеріне балкон арқылы кіріп, 300 мың теңгеден астам мүлікті ұрлап кеткен.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.