СҚО-да полицейлер дрон көмегімен трассалардағы құқық бұзушылықтарды анықтап жатыр
СҚО-да полицейлер дрон көмегімен трассалардағы құқық бұзушылықтарды анықтап жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары заманауи технологияларды пайдалана отырып күшейтілуде. “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында полицейлер жүргізушілердің тәртібін арттырып, жол-көлік апаттарын азайту үшін барлық мүмкіндіктерді қолдануда.
Соның бірі — жоғары жылдамдықты трассаларды дрон арқылы әуеден патрульдеу. Көптеген жүргізушілер бейнебақылау аймағынан шыққан соң “босаңсып”, ереже бұзуға болады деп ойлайды. Алайда жолда “ережесіз аумақ” болмайды. Осындай сәттерде квадрокоптерлердің көмегі зор.
Мысалы, 12 тамызда Астана – Петропавл тасжолында дрон арқылы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу фактісі анықталды. Toyota автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Аталған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс материалдары жиналды.
Полицейлер еске салады: жыл басынан бері республикалық маңызы бар автожолдарда 60 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл – өңірдегі барлық қаза тапқандардың 2/3 бөлігі және жараланғандардың ¼ бөлігі.
Айыппұл мен жазалау шаралары – мақсат емес. Полицияның техникалық құралдары адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Құқық қорғаушылар барлық жол қозғалысына қатысушыларды қатаң түрде ережені сақтауға, рульде барынша мұқият болуға шақырады. Жүргізушілердің жоғары жауапкершілігі – жолдардағы қауіпсіздіктің басты кепілі.