Маңғыстауда пробация талаптарын бұзған екі азамат қайтадан колонияға жіберілді
Маңғыстауда пробация талаптарын бұзған екі азамат қайтадан темір торға тоғытылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қарақия аудандық пробация қызметі жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған екі сотталған азаматқа қатысты жазаны қайта қатаңдату бастамасын көтерді.
Алғашқысы ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жазаның жартысын өтеген соң сот оның қалған бөлігін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, пробациялық бақылау орнатты. Алайда ол белгіленген талаптарды жүйелі түрде орындамай, белгі қоюға келмей, тексеріс кезінде үйінде болмай, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген. Профилактикалық әңгімелер де нәтиже бермеген.Тәртіп бұзушыға электронды бақылау құралы тағылды. Дегенмен мониторинг барысында браслет сигналының сөндірілгені анықталды. Тексеру кезінде пробация қызметкерлері оның өз бетінше көрші ауданға шығып кеткенін әшкереледі. Нәтижесінде сот шешімімен жазаның қалған бөлігі қайтадан бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Екінші азамат ұрлық жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығын шектеуге сотталған еді. Бірақ ол да белгіленген тәртіпті сақтамай, белгі қоюға келмей, тексеріс кезінде үйінде болмай, талаптарды елемеген. Қарақия аудандық пробация қызметінің ұсынысы негізінде сот оның жазасын бас бостандығынан айыруға алмастырды.
Осылайша, пробация талаптарын елемеген екі азамат қайтадан ҚАЖД мекемесіне қайтарылды.