Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция тұрғынның 32 млн теңгеден астам қаражатын сақтап қалды

Алматыда полиция ірі алаяқтықтың алдын алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі алаяқтықтың жолын кесіп, интернет-алаяқтардың құрбаны болған азаматтың 32 миллион теңгеден астам қаражатын сақтап қалды.

Жедел іс-шаралар барысында “Киберпол” қызметкерлері қоғамдық орында күдік тудырған ер адамға назар аударған. Ол бетперде тағып, қара көзілдірік киіп, сөмке асынып жүрген.

Тексеру кезінде оның сөмкесінен 27 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша табылды.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат алаяқтарға ақша жеткізуші — дроппер рөлін атқарған. Жедел уәкілдер, бұл қаражатты күдіктіге бірнеше күн бойы “арнайы іс-шараға” қатысып жатырсың деп сендірілген әйел адам бергенін анықтады. Әйелге бейтаныс адамдар қоңырау шалып, ешкімге тіс жармауды және ақшаны “қауіпсіз шоттарға” аударуды талап еткен.

Полиция қызметкерлері әйелдің үйіне барғанда, ол есік ашпаған. Алайда, кейінірек оны банк бөлімшесінен кездестірген. Сол жерде жедел уәкілдер әйелдің алаяқтарға 4 миллион теңге шамасындағы қаражатты аударып үлгергенін анықтады. Полицейлер мен банк қауіпсіздік қызметінің шұғыл әрекетінің арқасында бұл сома қайтарылды.

— Бұл жағдай біздің қызметкерлеріміздің кәсіби шеберлігі мен қырағылығының арқасында болды. Оперлік қырағылық күмәнді жағдайды дер кезінде анықтап, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қоюға және ірі көлемдегі қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Тағы да азаматтарды ескертеміз: бейтаныс қоңырауларға сенбеңіздер, ақша аударуға асықпаңыздар. Күдік туындаған жағдайда, бірден полицияға хабарласыңыздар, – деді, Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Жедел уәкілдер мен банк қызметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде алаяқтар иемденбек болған 32 миллион теңге көлеміндегі қаржы толықтай сақталып қалды.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша жедел және тергеу шаралары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру