Ақмола облысында орманнан ағаш ұрлаған тұрғын ұсталды
Ақмола облысында орманнан ағаш ұрлаған тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сандықтау аудандық полиция бөліміне "Большое - Тюктинское" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысынан арыз түсті. Онда 18–19 тамызға қараған түні "Буликтав" орманшылығында, Каменка ауылының маңынан 2 текше метр көлемінде қылқан жапырақты ағаш – қарағайдың заңсыз кесілгені хабарланған. Келтірілген шығын сомасы анықталу үстінде.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ол Сандықтау ауданының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында ер адамның 18 тамыз кешкісін өзіне тиесілі тракторымен және тіркемесімен орманшылық аумағына келіп, ағашты заңсыз кесіп, тұрғылықты жеріне жеке пайдалану үшін жеткізгені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Ақмола облысы полиция департаменті азаматтарға өзгенің мүлкін, соның ішінде орман ағаштарын заңсыз иеленудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Мұндай жағдайларға куә болған тұрғындардан полицияға немесе орман шаруашылығы органдарына хабар берулерін сұрайды.