Астанада жалған нөмірмен көлік басқарған жүргізуші ұсталды
Астанада жалған нөмірмен көлік басқарған жүргізуші ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тоқпанов көшесінде патрульдеу барысында полицейлер BMW автокөлігін тоқтатты. Рөлде 37 жастағы елорда тұрғыны отырған.
Тексеру кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірлері бұл көлікке тиесілі емес екені анықталды. Құқық бұзушы өз нөмірлері әлі рәсімделмегендіктен, оларды басқа көліктен шешіп алғанын түсіндірген. Алайда мұндай әрекеттер заңмен қатаң тыйым салынған және өрескел құқық бұзушылық болып саналады.
Жүргізуші біле тұра жалған нөмірмен көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалып, бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал автокөлік айып тұрағына қойылды.
Полиция ескертеді: бөгде немесе жалған нөмірлі көлікті пайдалану – “айлакерлік” емес, заңды тікелей бұзу. Мұндай “тюнинг” қамауға алумен, жүргізуші құқығынан айырумен және ауыр салдарлармен аяқталады. Заңды айналып өтуге жасалған ешқандай әрекет жазасыз қалмайды.