Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған футболдан чемпионат өтті

Ақтөбеде футбол академиясында Конституция күніне орай нашақорлықтың алдын алуға бағытталған чемпионат өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Ақтөбе облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Ақтөбе қаласындағы Футбол академиясында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың назарын салауатты өмір салтына аудару және есірткі құралдарын қолдануға әрі таратуға теріс көзқарас қалыптастыру. Шара аясында "Есірткіге жол жоқ!" ұранымен футбол чемпионаты өтті. Турнирге 50-ден астам жас спортшы қатысты.

Полиция қызметкерлері турнир қатысушыларымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, есірткінің зияны, оны қолдану мен таратудың жауапкершілігі туралы айтты. Сондай-ақ спортпен шұғылданудың маңыздылығына назар аударды. Әсіресе, жастар арасындағы алдын алу жұмыстарының ерекше мәнге ие екені атап өтілді.

Тәртіп сақшылары есірткі заттарын сақтау немесе қолдану үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Балалар мен жасөспірімдерге бейтаныс адамдардың ықпалына ермеуді, күдікті жағдайлар туындаса – ата-аналарға немесе құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды.

Чемпионат достық кездесулермен және қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстаумен аяқталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Себебі спорт пен ағарту – жастар арасында есірткі қылмысының алдын алудағы ең тиімді тәсілдердің бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру