Атырауда жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп маңындағы жолдар мен автобустар тексерілді
Атырауда жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп маңындағы жолдар мен автобустар тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің жол-техникалық инспекциясы жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының айналасындағы жол инфрақұрылымына тексеру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат – оқушылардың мектепке барып-қайту жолындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған барлығы 40 автобустың жай-күйі қаралып, олардың 11-інде ақаулар анықталды. Жүргізушілерге ескертулер беріліп, кемшіліктерді жою шаралары қолға алынды. Бұл жұмыстар 1 қыркүйекке дейін толық орындалуы тиіс.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп маңындағы жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі қаралды. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға нұсқамалар беріліп, қазір орындалу кезеңінде. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарының жарамсыз деп танылған көліктерге қатысты нақты шаралар қабылданып, балаларды тек талапқа сай техникамен тасымалдау қатаң бақылауда болады, – деді Атырау қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің жол-техникалық инспекция тобының аға мемлекеттік автоинспекторы Нұрсұлтан Құрақбаев.
Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап қаладағы мектептер маңында орналасқан "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылып, қозғалыс жылдамдығы 40 км/сағ болып белгіленеді.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.