Қарағандыда полицейлер азаматтың телефонын заңсыз иемденген күдіктіні ұстады
Қарағандыда полицейлер азаматтың телефонын заңсыз иемденген күдіктіні ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 36 жастағы облыс тұрғынын қолға түсірді. Ол қаладағы кафелердің бірінде жаңа танысының телефонын заңсыз иемденген деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметінше, күдікті қоғамдық орында жалғыз отырған ер адамға жақындап, әңгімелескен соң телефонын “шұғыл қоңырау шалу үшін” сұрап алған. Біраз уақыттан кейін ол “байланыс нашар” деген сылтаумен кафеден шығып кетіп, қайта оралмаған.
Зардап шеккен азамат құқық қорғау органдарына дереу арызданды. Келтірілген материалдық шығын шамамен 200 мың теңгені құрады. Жәбірленушінің берген сипаттамасы бойынша полицейлер күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, жеке мүлікті бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмауға және кез келген күмәнді жағдай туралы дереу “102” нөміріне хабарлауға шақырады.