Қызылорда облысында полицейлер студенттермен кездесті
Қызылорда облысында полицейлер студенттермен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Қызылорда облысы полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Нұртілек Ермаханов қатысуымен студенттер мен оқытушыларға арнап түсіндірме кездесуі өтті.
Кездесу барысында интернет алаяқтықтың алдын алу, киберқауіпсіздік шаралары, дропперлердің қызметі және олардың жауапкершілігі тақырыптары кеңінен талқыланды.
— Біздің басты мақсатымыз – жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың және өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу. Бұл жолда қоғам, ата-ана мен ұстаздар бірігіп, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Тек бірге әрекет еткенде ғана еліміздің болашағы – жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – деді Нұртілек Ермаханов.
Жиын барысында қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Студенттер киберқауіптерден қорғану жолдары бойынша пайдалы ақпарат алды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.