ІІМ-де ақын ардагермен кездесу өткізілді
Ішкі істер министрлігінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай сала ардагері Сланқожа Қарақыстықпен кездесу өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отставкадағы полиция полковнигі 1999 жылы министрлікте құрылған мемлекеттік тілді енгізу және аударма басқармасын басқарған. Құжат айналымы, аударма мен мемлекеттік тілді дамыту ісіне зор үлес қосқан ол әдебиет пен өнер саласында да із қалдырды. Ақындығы мен сазгерлік қабілеті әсерлі туындыларға өмір сыйлады.
Ұзақ жылдар бойы ардагермен бірге еңбек еткен әріптестері кездесуге қонақ болды. Қызметтегі қызықты оқиғалар туралы сыр шертіліп, жастарға өсиет сөздер айтылды.
- Баршаңызды Қазақстан халқы тілдері мерекесімен құттықтаймын. Тіл - халықтың рухани мұрасы, ұрпақтан ұрпаққа берілетін асыл қазынасы. Әрбіріңізге зор денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт тілеймін, - деді ардагер.
Қазақстан халқы тілдері күні аясында өткен басқосу - тек мереке емес, ұрпақтар сабақтастығын, тілге деген құрмет пен жауапкершілікті дәріптейтін маңызды шара.
Сланқожа Қарақыстық сынды ардагердің өмір жолы мен еңбегі жастарға үлгі боларлық. Осындай кездесулер арқылы жас буын ардагерлердің тәжірибесінен тағылым алып, ана тілімізді көздің қарашығындай сақтап, оны дамытуға өз үлестерін қосуға ұмтылады.
Тіл тек қатынас құралы емес, ол – ұлттың жаны, болмысы. Сондықтан әрбір азамат тілге құрметпен қарап, оны меңгеруге, дамытуға атсалысуы тиіс.