Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға профилактикалық іс-шара өткізілді

Астана бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға профилактикалық іс-шара өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен №64 мекемесінде нашақорлыққа қарсы қылмыстардың алдын алу және сотталғандар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында профилактикалық іс-шара өткізілді.

Аталған бастама Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 тамызда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды. Онда есірткі ахуалына бақылауды Үкімет деңгейіне шығару және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейту міндеті қойылған болатын.

Іс-шара елордалық полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Басты назар сотталғандарды құқықтық сауаттандыруға және әлеуметтік бейімдеуге аударылды.

Кездесу барысында сотталғандарға есірткі қылмыстарын жасаудың құқықтық және әлеуметтік салдарлары түсіндіріліп, сот тәжірибесінен нақты мысалдар келтірілді. Сондай-ақ зиянды әдеттерден бас тарту және босап шыққаннан кейін салауатты әрі заңға бағынатын өмір салтын ұстанудың маңыздылығы атап өтілді.

Мұндай іс-шаралар сотталғандардың өз болашағына деген жауапкершілікті сезінуіне және қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді.
Профилактикалық жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады. Жоспарда — босап шығатын азаматтарды волонтер ретінде есірткіге қарсы жобаларға тарту көзделіп отыр. Бұл олардың қоғамға қайта оралуына үлкен қадам болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру