Елордада жастарға арналған "Есірткісіз болашақ" дәрістері өтіп жатыр
Елордада жастарға арналған «Есірткісіз болашақ» дәрістері өтіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада "Есірткіге қарсы 30 күндік іс-шаралар" аясында күн сайын жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде дәрістер мен кездесулер өткізіліп жатыр. Басты мақсат – жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алу, жасөспірімдер мен студенттердің есірткіге саналы түрде теріс көзқарасын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Мәселен, Д. Қонаев атындағы колледжде өткен кездесуге Алматы аудандық полиция басқармасының қызметкері Гиннес рекордтар кітабының алты дүркін рекордшысы, "Ең күшті полицей" атағының иегері Бауыржан Камалиев пен танымал блогер, спортшы әрі рекордшы Арман Сүлеймен қатысты.
Кездесу барысында спикерлер есірткі заттарын қолданудың және таратудың құқықтық әрі медициналық салдарына тоқталды. Полицейлер түрлі есірткі түрлерінің адам ағзасына тигізетін зиянды әсерін жан-жақты түсіндіріп, тыйым салынған заттарды сату, сақтау және пайдалану үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.
Өз кезегінде Арман Сүлеймен студенттерді өмір жолын таңдауда саналы әрі жауапкершілікпен қадам жасауға шақырды.
Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Елорда полициясы жастармен жұмыс істеу – нашақорлықтың алдын алудағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ғана емес, олардың салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын ұстануға деген ынтасын да күшейтеді.