Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда азаматтардан ақша бопсалады деген күдікке ілінген жалған полицейлер ұсталды

Алматыда азаматтардан ақша бопсалады деген күдікке ілінген жалған полицейлер ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ЖҚАЖ сарбаздарымен бірлесіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, осы сылтаумен азаматтардан ақша талап еткен топты ұстады.

Арнайы іс-шара барысында күдіктілерден “Полицияға жәрдемдесу отряды” қоғамдық бірлестігінің жалған қызметтік куәліктері, кісендер және ақша қаражаттары тәркіленді. Ұсталғандар өздерін есірткі полициясы қызметкерлері ретінде таныстырып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, ақша аударымдары мен қолма-қол қаражат талап еткен.

Үш күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. “Бопсалау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

— Бұл – биылғы жылы өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған үшінші жағдай. Мұндай деректер қоғамның құқық қорғау органдарына деген сеніміне нұқсан келтіреді, сондықтан біз мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қоямыз. Нағыз полиция қызметкерлері тек заң аясында әрекет етеді. Алматы тұрғындарына үндеу жасаймын: егер өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған адамдардың әрекеттеріне күмәндансаңыздар, дереу “102” нөміріне хабарласыңыздар, – деді, Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Қазіргі таңда тергеу жалғасуда, ұсталғандардың заңсыз әрекеттерінің барлық мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру