Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жезқазған полициясында ардагерлер мен жас мамандар тәжірибе алмасты

Жезқазған полициясында ардагерлер мен жас мамандар тәжірибе алмасты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жезқазған қаласы полиция басқармасында ерекше форматтағы кездесу өтті. Бұл жолы бір үстел басына ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас қызметкерлері жиналды. Басқосудың мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, тәжірибе алмасу және жас мамандардың бойына адалдық пен отансүйгіштік құндылықтарын сіңіру.

Кездесуді басқарма бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары Жанғазы Жандильдин ұйымдастырды. Оның айтуынша, жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуы үшін тәжірибелі аға буынның ақыл-кеңесі аса маңызды.

Іс-шара барысында ішкі істер саласында ондаған жыл еңбек еткен ардагерлер сөз сөйлеп, қызмет жолындағы естеліктерімен бөлісті. Олар қиын кезеңдерді қалай еңсергенін айтып, шынайы патриотизм мен халық сенімін ақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

- Полиция қызметкері әрдайым әділ, ашық әрі жауапты болуы тиіс. Халық сенімі – біздің ең басты капиталымыз, – деді ардагерлердің бірі.

Жас тәртіп сақшылары ардагерлердің әңгімелерін қызығушылықпен тыңдап, көкейдегі сұрақтарын қойды. Олар үшін бұл басқосу ресми кездесу ғана емес, кәсіби дамудың маңызды баспалдағы болды.

– Ардагерлердің әрбір әңгімесі – біз үшін өмірлік сабақ. Қызметке енді келген жастарға мұндай кездесулер үлкен мотивация береді, – деді жас полиция қызметкері.

Өз кезегінде Жанғазы Жандильдин ардагерлердің еңбегіне алғысын білдірді:

– Сіздердің адал қызметтеріңіз – біз үшін үлкен өнеге. Жас қызметкерлер осы дәстүрді жалғастырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деп атап өтті ол.

Бұл кездесу – жай ғана басқосу емес, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың, кәсіби сабақтастықтың айқын көрінісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру