ІІМ жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады
ІІМ жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы күндері еліміздің жолдарында болған үш бірдей қайғылы оқиға барша халықты дүр сілкіндірді.
11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобустың аударылуы салдарынан 10 адам көз жұмды. 14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көліктің соқтығысуы тағы 10 адамның өмірін қиды — апаттың себебі қарсы бағытқа шығу болған. Қарағанды облысында да дәл осындай себеппен жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам қаза тапты.
— Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл — жай ғана жол апаттары емес. Бұл — орны толмас адам шығыны, — деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.
Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. ІІМ тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, ешқандай тергеу қаза тапқандардың өмірін қайтара алмайды.
— Барша жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жолдаймыз: жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты арттыру. Қарсы бағытқа шығу. Қауіпті маневр жасау. Қауіпсіздік белдігін тақпау. Мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателіктер, — деді Ғалым Сарғұлов.
Ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтуде. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізіледі. Көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.
Алайда жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес. Бұл — әрбір азаматтың жеке тәртібі мен жауапкершілігі.