Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізушілер жауапқа тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізушілер жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Акжар ауданының 46 жастағы тұрғыны полицияның патрульдік қызметі кезінде ұсталды. Ол Racer тіркелмеген скутерді мас күйінде, жүргізуші куәлігінсіз басқарған.
Медициналық сараптама оның орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Өзіне де, өзгелерге де қауіп төндірген азамат 20 тәулікке қамауға алынды. Жалпы, соңғы 3 күн ішінде өңір полицейлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың 18 дерегін анықтады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, әрбір масаң күйдегі сапар жол-көлік оқиғасына әкеліп, ауыр салдарға ұшыратуы мүмкін.
Жолдағы қауіпсіздік 12–14 қыркүйек аралығында өткен “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасының басты бағыттарының бірі болды. Бұл күндері полицейлердің ерекше бақылауында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері тұрды. Қоғамдық орындарда 179 солтүстікқазақстандық масаң күйде жүргені анықталды.
Сонымен қатар 63 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүргені, көші-қон заңнамасын бұзудың 25 дерегі тіркелді. Заңсыз немесе ережеге сай сақталмаған 6 бірлік тегіс ұңғылы қару тәркіленді.
Полицияның жұмысы “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасы аясында жүргізілуде. Негізгі мақсат — халықтың қауіпсіздігін барлық салада қамтамасыз ету.