Сталкинг: балалар мен ересектер білуі тиіс қауіп
Жетісу облысында полицейлер сталкинг туралы түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі қоғамда жиі айтылып жүрген сталкинг ұғымы көпшіліктің назарын аударып отыр. Бұл – адамның мазасын алып, жүйелі түрде қудалау әрекеттері. Мәселен, қайта-қайта қоңырау шалу, хабарламалар жіберу, аңду, қажетсіз жерлерде пайда болу сынды қимылдар сталкингке жатады. Мұндай әрекеттер тек психологиялық жайсыздық тудырып қана қоймай, адамның қауіпсіздігіне де қатер әкелуі мүмкін.
Жетісу облысының полицейлері атап өткендей, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге сталкингтің сүйіспеншілік немесе достықтың белгісі емес екенін түсіндіру маңызды. Бұл – жеке кеңістікті бұзу. Әрбір адам кез келген қудалау жағдайында өзін қорғауға құқылы және көмек сұрай алатынын білуі керек.
Құқық қорғау органдары ата-аналарға да үндеу жасайды: егер сіз немесе жақындарыңыз сталкингке тап болса, бірден "102" жедел желісіне хабарласқан жөн. Полиция мұндай жағдайда көмектесуге әрдайым дайын.