ҚР ІІМ: Киевте deepfake технологияларын қолданған трансұлттық call-орталық жойылды
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Украина Ұлттық полициясымен және Бас прокурорының кеңсесімен, сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуратурасымен бірлесіп, Киев қаласында ауқымды арнайы операция жүргізді. Оның нәтижесінде ірі алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұзақ мерзімді жедел-іздестіру жұмыстары барысында Украина аумағында әрекет еткен және жалған онлайн-брокерлер арқылы инвестицияны "қайтарып беру" схемасына маманданған трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен белсенді мүшелері анықталды.
Алаяқтар Қазақстан, Еуропалық Одақ және ТМД елдерінің азаматтарына қоңырау шалып, өздерін заңгер ретінде таныстырып, жоғалған қаражатты қайтаруға көмектесеміз деп уәде берген. Олар әлеуметтік инженерия әдістерін қолданып, жалған құжаттар жіберіп, "сот" немесе "салық органдары" атынан хабарласып, бет-әлпеттерін жасыру үшін deepfake технологияларын пайдаланған. Жәбірленушілерді "комиссия", "сот шығыны" немесе "салық" төлеу қажет деп сендірген, ал кейбір жағдайларда несие алуға немесе мүлкін сатып, кезекті "төлемді" жасауға көндірген.
Алдын ала мәлімет бойынша 4,5 мыңнан астам шетелдік азамат зардап шеккен, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Келтірілген шығын көлемі 4 млн АҚШ долларынан асады.
Қылмыстық топтың құрылымы нақты иерархиядан тұрған: инвесторлар мен үйлестірушілерден бастап, техникалық басшылар мен жәбірленушілермен байланыс орнатқан орындаушыларға дейін болған. Заңсыз табыстар элиталық жылжымайтын мүлікке, қала маңындағы жер телімдеріне және қымбат автокөліктерге жұмсалған.
Ішкі тәртіпті сақтау үшін сыйақы жүйесі енгізілген: операторлар алаяқтық жолмен алынған әрбір сома үшін пайыз алып отырған. Call-орталықта шамамен 30 адам "жұмыс істеген".
- 11 мекенжай мен call-орталықтың өзінде жүргізілген тінтулер барысында 41 компьютерлік техника, 24 ұялы телефон, sim-карталар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тәркіленген құрылғыларда қазақстандық байланыс операторларының абоненттік деректері бар базалар табылды. Бұл қылмыстық әрекеттің нысаналы түрде жүргізілгенін дәлелдейді.
Арнайы операция нәтижесінде 15 Украина азаматы ұсталды, олардың 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан полициясының көмегімен украин тарапы қосымша эпизодтарды, қылмысқа қатысы бар басқа тұлғаларды және келтірілген нақты шығын көлемін анықтауға бағытталған тергеу шараларын жалғастыруда.
Бірлескен іс-қимыл трансұлттық киберқылмысқа елеулі соққы беріп, ірі ұйымдасқан топтың жолын кесуге және азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға мүмкіндік берді, - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.