Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстандық полицейлер Үрімжіде өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды

Қазақстандық полицейлер Үрімжіде өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

8-11 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында алғаш рет Қытай және Орта Азия елдері полицияларының арасында халықаралық жарыс өтті.

Турнир барысында қатысушылар еркін күрес, кикбоксинг, әртүрлі қарудан ату сияқты спорт түрлерінен сынға түсіп, сондай-ақ қылмыспен күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті тактикалық операция элементтерін пысықтады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрама командасы ел намысын абыроймен қорғап, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Олар тек алаң иелеріне – Қытай құрамасына жол берді. Бұл жетістік – күнделікті заң мен тәртіптің сақшысы болып жүрген қызметкерлеріміздің жоғары деңгейдегі дене дайындығының, тәртібі мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі.

Айта кету керек, аталмыш турнирді ұйымдастыру бастамасын Қазақстанның ішкі істер министрі көтерген болатын. Халықаралық жарыс өткізу идеясы 2024 жылы Ляньюньган қаласында өткен "Орта Азия — Қытай" форматындағы ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің алғашқы кездесуінде ұсынылған еді.

Мұндай іс-шаралар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және полицияның жауынгерлік дайындығын арттыруға зор ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру