АҚШ-тан жолданған сәлемдеме: Алматыда полицейлер есірткі жеткізу әрекетіне тосқауыл қойды
Алматыда полиция АҚШ-тан келген қылмыстық сәлемдемені анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық ПД есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері АҚШ-тан келген халықаралық пошта сәлемдемесін қалаға жеткізу әрекетін әшкерелеп, оның жолын кесті.
Сәлемдеменің ішінен өсімдік тектес есірткі затының айтарлықтай мөлшері табылды.
— Полиция қызметкерлері тыйым салынған заттардың заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында жедел және арнайы іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Бұл — жалғыз жағдай емес, мұндай деректер бұған дейін де тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз. Заң барлығына бірдей, мұндай әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығы — жұмысымыздың басты қағидаларының бірі, — деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.