ІІМ Мақан Есболатов атындағы академияда полиция имиджі туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Алматыда ІІМ Мақан Есболатов атындағы академияда "Қызметтік идеология: тәртіп, бірлік, тұтастық" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шараның ерекшелігі – полиция қызметімен тікелей байланысты әртүрлі саланың өкілдері бір алаңда бас қосқанында. Журналистер, блогерлер, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалысының белсенділері, сондай-ақ халықпен күнделікті жұмыс істейтін тәртіп сақшылары полиция идеологиясы мен имиджі төңірегінде пікір алмасты.
Жиынға Ішкі істер министрлігінің өкілдері, өңірлік полиция департаменттерінің басшылары және академияның профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Бас тақырып – кәсіби этика мен полицияның болашақ бейнесін айқындайтын құндылықтар болды. Қатысушылар тәртіпті қалыптастыру, қызметтік рухты нығайту, қоғамға ашық әрі диалогқа дайын полиция бейнесін жеткізу мәселелерін талқылады.
Конференция барысында қызметтік жауапкершілік, азаматтармен өзара іс-қимыл және полицияға деген сенімді нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де кеңінен сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі полиция қоғамнан оқшауланып жұмыс істей алмайды – ашықтық пен тұрақты кері байланыс қажет.
ІІМ өкілдері атап өткендей, бүгінде министрлік ашықтық тәжірибесін белсенді түрде дамытып келеді. Азаматтармен тұрақты кездесулер, сервистік полиция орталықтарының ашылуы, учаскелік пункттердің нығаюы мен қоғамдық кеңестердің жұмысы – осының барлығы полиция мен қоғам арасындағы диалогты күшейтудің нақты қадамдары.
- Бұл конференцияның мәні зор. Өйткені бір алаңда жүйе мамандары да, қоғам өкілдері де, журналистер де бас қосты. Осындай ашық әңгіме бізге бір-бірімізді тереңірек түсінуге және ортақ даму жолдарын бірге айқындауға мүмкіндік береді, – деді fкадемия бастығының орынбасары Жанат Дильбарханова.
Жиын ресми баяндамалармен шектелмей, тәжірибеден алынған нақты мысалдар мен ұсыныстар талқыланған мазмұнды пікірталас алаңына айналды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай ашық кездесулер полиция мен қоғамды жақындастырып, ортақ мақсат – қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға жол ашады.