Астанада интернет арқылы есірткі таратқан жұп құрықталды
Астанада интернет арқылы есірткі таратқан жұп құрықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция прокуратураның үйлестіруімен өтіп жатқан 30 күндік есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар аясында заңсыз әрекетпен айналысқан ер адам мен әйелді ұстады. Тергеу барысында олардың жалдап тұрған пәтерін есірткі қоймасы ретінде пайдаланғаны анықталды.
Тінту кезінде ерекше иісі бар жасыл түсті шамамен бір келі марихуана тәркіленді. Сондай-ақ тұрғылықты жерінен есірткіні ұнтақтауға, буып-түюге және өлшеуге арналған пластик ыдыстар мен түрлі құралдар табылды.
Қазір екі күдікті де қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Астана қалалық полиция департаменті ескертеді: есірткі заттарын заңсыз сақтау және тарату – аса ауыр қылмыс, ол үшін қатаң жаза қарастырылған. Тәртіп сақшылары тұрғындарды күмәнді жайттар немесе есірткінің заңсыз айналымына қатысты деректер байқалған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырады.