Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда тонау, алаяқтық қылмыстарын жасаған күдікті ұсталды

Оралда тонау және алаяқтық жасады деген күдікпен студент ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жастар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары полицияның ерекше бақылауында.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралар барысында Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті қылмыс жасағаны анықталды.

Қыркүйек айының соңында күдікті танысымен жанжалдасып, оған күш қолданған. Кейін үшінші адамның көзінше жәбірленушіден телефонын беруді талап еткен. Келесі күні ол аталған телефонды қаланың орталығындағы сауда нүктелерінің біріне 120 мың теңгеге сатып жіберіп, жасырынған.

Сонымен қатар тексеру барысында күдіктінің бұрын да танысын бірнеше рет алдап, онлайн несие рәсімдеткені белгілі болды. 2024 жылдың басында ол жәбірленушіні 60 мың теңге несие алғызып, қаражатты өзіне аударған. Ұқсас фактілер былтыр қарашада және биыл қыркүйекте де тіркелген. Жалпы шығын көлемі 300 мың теңгеден асып, бүгінде несиелерді жәбірленушінің өзі төлеп жүргендігі анықталды.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру