Абай облысында екі айда 10 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Қыркүйек пен қараша айлары аралығында Абай облысында жүргізілген "Учаске" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 9 820 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында облыс аумағында 41 мыңнан астам пәтер мен 61 мыңнан аса жеке үйге тексеру жүргізілді. Аула аралау кезінде 4 қыркүйектен бері хабар-ошарсыз кеткен Талдықорған қаласының төрт тұрғыны табылып, туыстарына қайтарылды.
Тексеру нәтижесінде заңсыз сақталған сегіз бірлік тіркелмеген қару мен 27 дана оқ-дәрі тәркіленді. Сондай-ақ тіркеусіз тұру бойынша – 1 241, шетел азаматтары тарапынан жасалған – 76, ал жергілікті тұрғындардың шетелдіктерді заңсыз қабылдауына қатысты – 16 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Барлық фактілер бойынша заңға сәйкес шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар, полицейлер облыс аумағында 29 есірткі жарнамалайтын граффити дерегін тіркеп, оның төртеуі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ішкі істер органдары интернет-алаяқтықтың алдын алуға да баса назар аударуда. Осы бағытта тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 700-ге жуық адамға мобильді қосымшалар арқылы онлайн-кредиттерді бұғаттау бойынша нақты көмек көрсетілді.