Абай облысында полиция 6 есірткі жеткізу арнасына тосқауыл қойды
Абай облысында полиция жыл басынан бері 6 есірткі жеткізу арнасына тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полицейлер 2025 жылдың өткен кезеңінде 184 есірткі құқық бұзушылығын тіркеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Олардың ішінде 85 дерек қылмыстық істер санатына жатады. Көпшілігі – есірткі сату фактісі, барлығы 66 жағдай тіркелген. Сондай-ақ контрабанда, насихаттау және есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру деректері анықталды.
Полицейлер заңсыз айналымнан 415 келіден астам есірткі мен психотроптық заттарды тәркіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Негізінен марихуана, гашиш, психотроптық препараттар, апиын және көкнәр сабанын анықтады.
Есірткі қылымысын құрықтау – балаларымыз бен отбасымызды қауіптен қорғайды. Қылмыстық іс үшін 28 адам ұсталды, олардың арасында кәмелетке толмаған колледж студенті де бар. Полицейлер Шу, Алматы және Павлодар қалаларынан бағыт алған есірткі жеткізудің 6 жолына тосқауыл қойды.
Сотқа 46 қылмыстық іс жолданды, ондаған іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Интернет кеңістігінде де ауқымды жұмыс атқарылуда. Жүздеген есірткі сайты мен миллиондаған теңге айналымы жүрген мыңдаған дроп-шот бұғатталды.
Бұл нәтиже – тәртіп сақшыларының қоғамды есірткі қауіпінен қорғауға бағытталған үздіксіз және жүйелі еңбегінің айғағы.