Маңғыстау облысында полицейлер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты
Маңғыстау облысында полицейлер хабарсыз кеткен жасөспірімді тауып, аман-есен ата-анасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Ақтау қаласындағы 11-шағынауданда болған. Кәмелетке толмаған бала велосипедпен серуендеуге шығып, үйіне оралмаған. Бірнеше сағат өткен соң, баладан еш хабар болмағандықтан, ата-анасы алаңдап, полицияға жүгінген.
Хабарлама түскен бойда Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын ұйымдастырды. Жедел әрі үйлесімді жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бала Ақтау – Жаңаөзен тасжолының бойынан табылды.
Іздестіру жұмыстарына Маңғыстау облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасынан Арман Ермұханов Нұрбақыт Тавиджан жұмылдырылды.
Полицейлердің жедел және кәсіби әрекеттерінің арқасында бала дер кезінде табылып, отбасына аман-есен қайтарылды. Ата-анасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция ата-аналарға кәмелетке толмаған балалардың жүрген жерін үнемі бақылап отыру қажеттігін және төтенше жағдай кезінде ішкі істер органдарына жедел хабарласу қажет екенін ескертті.