Алматыда полиция қызметкерлері есірткі сатушыны ұстады
Алматы қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке тінту барысында ұсталған адамнан ұнтақ түріндегі зат табылып, тәркіленді. Күдіктінің телефонын тексеру кезінде тыйым салынған заттарды жасырған орындардың фотосуреттері анықталды. Полицейлер есірткі жасырылған бірнеше орынды тапты. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді.
Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды.
- Қазіргі таңда біз жастардың жылдам пайда табу мақсатында теріс жолға түсіп жатқанын анықтап отырмыз. Біздің қызметкерлер мұндай бетбелгі қоюшыларды күн сайын анықтап, олардың әрекетінің жолын кесуде. Есірткі таратудың кез келген түрі – тіпті делдал ретінде қатысу да – ауыр қылмыс. Ол үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.